Ауылым-алтын бесігім
Болсын деп малы да бір, жаны жа бір,
Елінің қамы да бір, заңы да бір.
Сейфуллин Сәкен ақын қойған екен,
«Ортақ» деген атауды ауылға бұл.
Ауыл деген осы бір жалғыз ауыз сөздің біз үшін, яғни, ауылда туып-өскен әр қазақ баласы үшін жүрек жылытатын айрықша бір қуат сезімі бар.
Өйткені, кіндік кесіп, кір жуған, тәй-тәй басып, қаз тұрған туған топырағыңның өміріңе қалдырған ізі де көп қой. Сол адам өмірінің өлшеулі жылдары шартты түрде кезең-кезеңге бөлінетін болса, ақын Шәкәрім айтқандай «Алаңсыз, қамсыз қайран күндеріңнің» қайта оралмас, қайтып келмес бұлдыр сағым дәурен шақтарының бар қызығы, бар албырт көңіл ауаны осы балалықтың бастау көзінде қалған жоқ па?!
Жан дүниеңді тәтті бір сағынышты мұңға орайтын, көз ұшында, көңіл қалтарысында қалған әрбір тіршілік харекеті, аралас-құралас, қым-қуыт өмір дағдысы, әрбір жеке шығармаға ғажап бір кейіпкер болатындай қилы тағдырда, алуан қызық мінезге құрылған адамдары еріксіз есіңе түсіп, сол бір берекеті мол, ырысы ынтымағымен жарасқан тұтас бір кезең, тұтас бір адамдар бейнесі көз алдыңнан өтетіні тағы да бар.
Өмір атты осынау ұлы базардың есігінен еңбектеп еніп, енді ғана сығалаған сенің аппақ кіршіксіз ақжайма көңіліңнің бір шетіне ноқаттай қара дақ түспеген күйінде бар дүние жаратылысты періште көңілімен, періште болмыспен қабылдайтының қандай ғажап!