«35 күз, 35 қыс, 35 жаз »
І жүргізуші:
Армысыздар, қадірлі ұстаздар мен қымбатты оқушылар! Жыл керуені алға жылжыған сайын Мұқағали Мақатаевтың артына қалдырған өшпес мұрасы жарық жұлдыздың қараңғы түн қойнауынан құпия сәулесін шашқандай жарқырай, өркендей өсіп, айшықтала түсуде. Абай үндес Мұқағалидай перзенті бар халық — шынымен бақытты халық. (Фан-фар)
ІІ жүргізуші:
Қазақтың қара өлеңін кие тұтқан, жүрегінің түбінен қайнап шыққан, асыл жырларымен қалың жұртшылықтың махаббатына бөленген ерекше ақынымыз. Қымбатты ұстаздар, қонақтар, оқушылар! Ақиық ақынның шығармашылығына арналған «35 күз, 35 қыс, 35 жаз » атты әдеби — сазды кешімізді ашық деп жариямаймыз! (Фан-фар)
І жүргізуші:
Аламан бәйгеге оза шауып, өлең — жырда шамасына шаң жұқтырмаған ерен жүйрік, талатты тұлға Мұқағали ақынның өмір жолы әр алуан. Оны біріміз білсек, біріміз білмейміз. Олай болса, қыран тағдырлы ақын Мұқағали атаның өмір жолына барлау жасайық.
Сахнаға Мұқағали бейнесіндегі бала шығады. Сахна шетіне столға отырады.
Фон беру
Мұқағали:
Адам өмірінің бақыты – балалық шағы. Балалық шақ бақытсыздықпен өтсе, санасы бар пенденің бүкіл ғұмырына ақау түскені…
«Құс та болғым келмейді !
Қанатым бар.
Қанатым бар күмістан жаратылған,
Сәби болғым келеді, сәби болғым,
Мына өмірден хабарсыз жаңа туған.»
Көрініс: Сахна төрінде бесік тербетіп отырған жас ана отырады. Сахна сыртынан Мұқағалидың «Жас ана» өлеңі оқылады.
Ұйқысыз жүдеу жас ана,
Бөбегін отыр тербетіп.
Көзіне тұнық жас ала,
Дейді ол: «Қалқам ер жетіп,
Ұмытпас, сүйіп асырар,
Төгілмес текке ақ сүтім,
Жүректің дерті басылар,
Алдамас күткен үмітім.»
Ел ұйқыда, жас ана
Бөбегін баяу тербетер.
Көзіне мұңлы жас ала,
Жүрегінен күй шертер…
ІІ жүргізуші:
Қазақ поэзиясының Хантәңірі — Мұқағали Мақатаев Сүлейменұлы 1931 жылы 9 ақпанда Алматы облысы, Райымбек ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген.
Мұқағали: фон беру
Бұл жыл да өтті. Жырмен басталған жыл жырмен аяқталды. Күйбеңмен, азаппен өткен өлі күндерді қойшы. Жырсыз өткен күндер – мен үшін өлі күндер. Тәңірдің бұл алданышты қиғанына да құлдық. Поэзия болмаса қайтер едім?!
Поэзия!
Менімен егіз бе едің?
Сен сені сезесің бе, неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім,
Сені іздедім кездескен адамдардан.
Шырақтардан, оттардан, жалаулардан,
Сені іздедім жоғалған замандардан…
… Сені іздедім.
Іздеймін тағат бар ма?
Сені маған егіз ғып жаратқан ба?!
Мұқағали сахнадан кетеді. Оқушылар кезектесіп шығып өлеңдерін оқиды. Мұңлы әуен ойналып тұрады.
1 — оқушы: Менің Отаным
2 — оқушы: Рақмет, дала!
3 — оқушы: Елім
4 — оқушы: Отан
5 — оқушы: Жұтайыншы елімнің таза ауасын
Хор: Саржайлау
І жүргізуші: Бүгін естір құлақ пен есті көңіл қайыра бір сілкініп, ұлы музаның сиқырлы, сырлы сазына шомылары, меңіреу шыңдарға тіл бітіп, бедеу қырларға үн қонары, жаны жарқырап, көңілі шалқыры ақиқат.
ІІ жүргізуші: Жанұшырған ақынның рухы, ойлы жаратылысы оқырман жаны мен жүрегін өткен ғасырдың өрі мен төрінде тұрып қалай қозғаса, бүгінде солай тербеп, солай қозғауда.
І жүргізуші: Ақынның күнделігінің бір тұсында: «Табиғат сол өз қалпында — ақ әдемі, оны әдемілеудің қажеті жоқ.Қалай көрінсе, суреткер оны сол қалпында беруі керек» деп жазады. Табиғаттың бір тамашасы, махаббаттың символы аққу құсын жырға қосып, «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын қалың қазаққа тарту еткен болатын. Сіздерге осы поэмадан үзінді ұсынамыз.
Көрініс: «Аққулар ұйықтағанда»
І жүргізуші: Табиғат жайлы, көктем жайлы көңілдің әрқилы әуен ыңғайын аңғартар, ойлы, мұңды, қасыретті жырлар Мұқағалида да баршылық.
6 — оқушы: Біздің көктем
7 — оқушы: Аякөз ару
8 — оқушы: Ей, табиғат!
Ән: «Күрең күз»
Көрініс: Сахнаға Лашын мен Мұқағали шығады. (Фон беру)
Мұқағали: Білесің бе, Лашынжан мен мына әлемді поэзиямен өзгерткім келеді.
Лашын: Поэзия, поэзия…
Мұқағали: («Күрсінбеші» өлеңі оқиды)
Тағдырыма тура келген серігім,
Мен бейбаққа сыйлады екен сені кім?!
Шар басында, шаңырағым, сен тұрсың,
Басқалардың барлығынан жерідім.
Ауырлықтың көтердің — ау көбін сен,
Сенен келіп қуат алам жеңілсем.
Сен — жер болдың, нөсер болып төгілсем,
Шұғыласың қара бұлт боп көрінсем.
Мен — түн болсам, сен — таң болдың жаңа атқан,
Мені — қола, сені — шойын жаратқан.
Мен — ашу да, сен — ақылсың нәр аққан,
Сен — Адамсың, мен — аждаһа зәр атқан.
Білемін ғой, білмейді деп жүрсің бе?
Түсінемін кеудеңдегі дүрсілге.
Оңашада, жұрт көзінен жасырын,
Күрсінбеші, жалынамын, күрсінбе!
І жүргізуші:
Махаббат па?
Махаббат болған еді.
Таудың мен еркін жүрген тағысы едім,
Тапты да, түсірді ғой торға мені.
ІІ жүргізуші: Я, сырлы сезімді суреттеудің сұлтаны Мұқағали атамыздың өлеңдерінен өмірге, ата — анаға, бауырға, табиғатқа деген махаббатты көре аламыз. Сұлулықты суреттеген туынды «Сен көріктісің » әнінен қабыл алыңыздар!
9 — оқушы: Байқалмай өткен махаббат
10 — оқушы: Аулыңа бір келгенде
11 — оқушы: Мен сені сағынғанда…
12 — оқушы: Не айтам саған, жаным — ай
Ән: «Көзіме көрінбе сен»
І жүргізуші: Поэзияның Хантәңірі Мұқағали атамыздың өмір атты ұлы майданда торыққан сәті де, қуанған кезі де, адасқан тұсы да болды. Соның бәрі өрттей ыстық өлең болып өрілгенін, жыр болып төгілгенін білеміз.
ІІ жүргізуші: Ақын өліммен күресіп, ажалмен алысқан сәттерінің өзінде «сылдыраған» сөз бен «құлдыраған» мұңның қорығында тұншықпайды. Жанымен беріле сырласып, баға жетпес туындылар дүниеге келеді.
Көрініс: Ортаға Мұқағали мен дәрігер шығады.
Дәрігер: Мұқағали Сүлейменұлы сіз жүрегіңіздің жайын білесіз ғой солай емес пе? Жүрегіңізге күтім керек. Жағдайыңыз нашарлап бара жатыр. Мен сізге дәрілер жазып берейін. Ем қабылдаңыз!
Мұқағали:
Керегі жоқ,
Керегі жоқ,
Керегі жоқ бәрінің!
Иненің де керегі жоқ,
Керегі жоқ дәрінің!
Дәрігер: Бұлай болмайды. Онда мен сізді операцияға жасауға тізімге тіркеймін. Дайындалыңыз.
Мұқағали:
Дәрігерім, рахмет!
Мен әзірге өлмеймін!
Кешіре гөр!
Жүрегімді пышағыңа бермеймін.
Әуре болмай босат мені!
Енді алдыңа келмеймін.
Керегі жоқ, керегі жоқ,
Пышақтауға көнбеймін!
Қорықпаймын пышақтан да,
Қорықпаймын инеден.
Ине түгіл бұл жүректі найза дағы түйреген…
Құпиямды көресің ғой, мен сондықтан именем,
Кешір мені,
Кешір мені!
Ертең кетем үйге мен.
Дәрігер: Денсаулық сізге қажет емес пе?! Мен сізді түсінбеймін…
13 — оқушы: Емханада
14 — оқушы: Ей, өмір
15 — оқушы: Соқ жүрек, солқылда ми, тасы қаным…
16 — оқушы: Бір күніммен қоштастым
Көрініс: Сахнаға жүрек тұсын қолымен басып Мұқағали шығып, екі — үш қадамнан кейін жерге құлайды.
Жас жігіт: (қасынан өтіп бара жатып) Сонша ішіп несі бар екен?
Қыз: (қасына отырып ) Аға тұрыңыз. Сізге не болды? Мынау Мұқағали аға ғой жедел — жәрдем шақырыңыздар.
Ән: «Есіңе мені алғайсың»
І жүргізуші: Мұқағали — өз тағдырын өзі таңдаған ақын. Соның арқасында ол ұрпақты — ұрпаққа, дәуірді — дәуірге, ғасырды — ғасырларға жалғар, қазақ өлеңінің әлем алдындағы мерейін үстем етер таңғажайып ұлы жырлар жаратты. Ол өз кезеңінің өрті мен дертін, өз заманының күнгейі мен көлеңкесін жырлауда нағыз ұлт ақындары ғана шығар ұлы биікке көтерілді.
ІІ жүргізуші: «Жалғастардың жалғасы» саналар жас ұрпақ Мұқағали әлемінің шуағына оранып, жауынына бүгінгі кеште шомылған болатын. Ақиық ақынымызды қанша жырласақта қасиетті жырларының мәніне жете алмаймыз. Мұқағали ақынымызға арнауларымызды тарту етейік. Жас қаламгерлердің туындысын қабыл алыңыздар!
Арнау өлеңдері оқылады.
І жүргізуші: Сайын даланың изені мен жусанын әнмен тербетіп, бозаңытқан қырлардың боз, көдесіне тіл бітірген ақынымызды бүгінгі дәстүрлі кеште еске алған болатынбыз. Қазақ жыры аманда, қазақ өлеңін оқитын ел аманда, мына сыры мен сиқыры мол ғаламда өзінің құндағында тербетер құдіретті жырдың да өз халқымен бірге, өзінің ұлы Даласымен бірге өмір сүрері, ғұмыр кешері ақиқат.
ІІ жүргізуші: Туған халқының ұлы қуаныштары мен ұлы қасіреттерін терең сезініп, тебірене жырлаған Мұқағали Мақатаевтың Жыр — Тауы да зорайып, асқақтай түспек. Біз сіздермен бүгінгі мерейлі мерекеде, көтеріңкі көңіл күймен қоштасамыз! Бүгін міне жырмен басталған күнде соңына жетті. Қош, сау болыңыздар!